.RU

Қазіргі портреттік очерк үлгісінің КӨркемдік қыры

Дата10.04.2017өлшемі143.43 Kb.
ҚАЗІРГІ ПОРТРЕТТІК ОЧЕРК ҮЛГІСІНІҢ КӨРКЕМДІК ҚЫРЫ
М.Б.Шындалиева

Филология ғылымдарының докторы, профессор
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан

Қазақ журналистикасындағы очерк жанрының қалыптасуы мен дамуына үңілер болсақ, оның бұралаңы көп ұзақ жолдан өткенін аңғарамыз. Қазақ баспасөзінің тұңғышы болып саналатын «Түркістан уалаятының газетінен» (1870) бастау алған очерк жанры күні бүгінге шейін тамырын үзбей, өркен жая жетіле түскенін дәлелдеп келеді. Очерктің өркен жаюы дегенде, біз оның түрлерінің молыға түскенін, ол түрлердің спецификалық тұрғыдан қарастырғанда бір-бірінен ара-жігінің ажыратыла түскенін айтып отырмыз.

Бүгінгі таңда қазақ очеркінің 250-300 томдай болатын мәтіндік материалдары бар. Бұл – мәдени-рухани толымды қазына. Ал оның көркемдік-эстетикалық болмысын ғылыми зердемен парықтау – тарихи міндет. Осы міндетті атқарысуға тарыдай да болса үлес қосу мақсатында қазіргі қазақ очеркінің белсенді портреттік түрін қарастырып көруді жөн деп таптық.

«Қазақ әдебиеті» газетінің тәуелсіздік жылдарындағы сандарын ақтара отырып, қандай да бір проблемаларды батыл көтермек түгілі, «очерк» деп айдар тағылған материалдың өзін кездестіру сирек құбылысқа айналған. Дегенмен, аракідік болса да, очерктің ұшырасып қалатыны бар. Соларды талдап, саралаудың сәті түскендей. Республикалық әдебиет, мәдениет және өнер газеті болып табылатын «Қазақ әдебиеті» газетінде, біздің бір байқағанымыз, негізінен портреттік очерктер жиі кездеседі. Олардың барлығы дерлік очерк кейіпкерінің белгілі бір мерейтойына орайластырылып жазылады. Осы арада «портреттік очерк» дегеніміздің өзі не екенін ажыратып алудың артықтығы жоқ. «Очерктің түрлері әр алуан, бірақ ол мынадай негізгі екі формаға: сюжеттік очерк және суреттемелі очеркке бөлінеді» [1,226],- дей келіп, Н.Богданов пен Б.Вяземский,- «Сюжетті очеркке портреттік және проблемалық очерктер жатады» [1,227],-деп атап көрсетеді. Портреттік очеркте қызықты, адамның назарын аударарлық жайт жөнінде әңгіме етіледі. Портретті очерктің міндеті – кейіпкердің жанды кескіндерін суреттеп беру, оның көрсеткен ерлігі туралы, оның істеген, өмірге енгізген жаңалықтары туралы хабарлау. Қарап отырсақ, портреттік очерк кейіпкерінің жанды келбетін көз алдыңызға әкелетіндей әсерлі тілмен жазылуы керек. Қандайда бір очеркші өз кейіпкерінің жанды бейнесін жасауға ұмтылады. Осы арада тағы бір ажыратып алатын нәрсе барын ұмытпағанымыз жөн. Біз қарастырғалы отырған мерейтойлық мақалалар шығармашылық портрет пе, әлде портреттік очерк пе? Бұлайша сауал қоюымызға түрткі болған – сыншы-ғалым Д.Ысқақұлының осы мәселелер жөніндегі жазған тұжырымдары. Енді, соған назар аударып көрелік: «Қысқаша әдеби энциклопедияда» әдеби портреттің екі түрін айта келіп, шығармашылық портретке «жазушы туралы құжатты (документальды) очерк» деген анықтама берілген. Мұнда шығармашылық портрет жалпы әдеби (біріншісі көркем әдебиеттегі) портреттің бір түрі ретінде, онда да очерк деп анықталған. Біздіңше, шығармашылық портрет пен очерк екеуі бір нәрсе емес. Араларының, жанрлық белгілерінің өте жақын екендігі рас. Солай бола тұра шығармашылық портреттің міндетті түрде әдеби, ғылыми сипаттары болуына орай очерктен өзгешеленеді. Ал баспасөз жанры саналатын жай очерк көбіне публицистикалық сипатта болады. Бұлайша межелеуді шартты түрде деп ұққан жөн. Әйтпесе көрнекті қаламгер жайлы жазылған шығармашылық портрет пен әдеби портреттің арасында тұрған «қытай қорғаны» жоқ» [2,146]. Дей тұрғанмен, портреттік очерктің публицистикалық сипатта болуы оны ғылыми еңбек санатына қосылатын шығармашылық портреттен бөлектеп тұратыны шындыққа жақын. Ал мерейтойлық очерктердің портреттік сипаты айқын көрініп тұрғанымен, оның өзін екіге бөліп қарастырған жөн сияқты. Егер кейіпкердің шығармашылығы әдеби, ғылыми тұрғыда талдауға негізделген болса, шығармашылық портрет ретінде, кейіпкердің адамгершілік қасиеттері эсселік тұрғыда сөз етілсе, портреттік очерк ретінде қарастырған дұрыс.

«Қазақ әдебиеті» газетінде мерейтойлық портреттік очерктер молынан кездеседі. Олардың бәрін бірдей талдай берудің қажеттігі шамалы. Тек, сөзіміз жалаң болмас үшін, бірсыпырасының түсін түстеп, атын атағанның артықтығы жоқ. Мәселен, белгілі сыншы-ғалым Шериаздан Елеукенов «Жазушының жалындаған шырағы» [3] очеркінде туғанына 80 жыл толған қаламгер Тахауи Ахтановтың азаматтық бейнесін танытуға ұмтылса, ақын Мұзафар Әлімбаевтың 80 жылдығына арнап тағы бір сыншы-ғалым Асқар Егеубай «Мұзағаңды танымайтын қазақ жоқ» [4] деп сыр бөліседі. Ал журналист Сабыржан Шүкірұлы халық ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрхан Ахметбековтың 100 жылдығына орай «Ақтангер ақын» [5] деген очеркінде ақынның көпшілік біле бермейтін қырларын танытуға күш салғаны көрінеді. Көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің: «Тағдыры ерекше, суреткерлік болмысы ірі, жаратылысы таза, тұлға дейтін абыройлы тұғырдың биігіне көтерілген» Әкім Тарази туралы «Тұлға биігі» [6] мен өзі «талант пен тағылымның, таным мен табандылықтың, еңбек пен ізденімпаздықтың жемісті айнасы» деп білетін Мұзафар Әлімбаев туралы «Ой мен жырдың аламаны» [7] очерктерінде бірі жетпіске, екіншісі сексенге келген қаламгерлердің болмыс-бітімін сомдауға ұмтылғаны да еңбектерінен танылып тұр.

Мұндай ұмтылыстарды шығармашылығын қытай елінде бастаған, кейін «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде еңбек еткен Уақап Қадырханұлының 70 жылдығына орай жазылған Ғаббас Қабышұлының «Қарапайым бір қазақ» деп аталатын очеркінен де байқаймыз. «Құран кәрімді» ана тіліме аударғаным ең басты еңбегім, халық алдындағы бірінші парызымды өтегенім,- дейді Уақап, шынайы шүкіршілік сезіммен» [8]. Кейіпкерінің осы сөздерін оқырманына жеткізу арқылы автор «парыздың өтелуі» деген ұғым төңірегінде ойлануға шақырып тұрғандай әсер береді.

Сондай-ақ, белгілі қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың 100 жылдығына орай жазылған белгілі сыншы-ғалым Рахманқұл Бердібаевтың «Ғұлама ойлы қайраткер» [9], көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 80 жылдығына арналған Рақымжан Отарбаевтың «Әдебиетіміздің ноқта ағасы» [10], журналист, аудармашы Хасен Өзденбаевтың 100 жылдығына орай жазылған Сапабек Әсіпұлының «Журналист жолы» [11], Қазақстан Республикасының халық артисі Қапан Бадыровтың туғанына 100 жыл толуына байланысты өнертанушы Бағыбек Құндақбаев жазған «Құдіретті топтың соңғы өкілі» [12], танымал ақын Қадыр Мырза Әлидің 70 жылдығына арналған Оразақын Асқардың «Қаңтарда туған қыран» [13], көрнекті жазушы Қалихан Ысқақтың 70 жылдығына орай Сайын Мұратбековтың «Қуатты дарын» [14], белгілі жазушы Жайсаңбек Молдағалиевтың 70 жылдығына арналған Сейфолла Оспанның «Ауыл өмірінің жаршысы» [15], балалар жазушысы Сансызбай Сарғасқаевтың туғанына 80 жыл толуына байланысты Сұлтан Қалиұлы жазған «Жазушы да – бір бал арасы» [16] атты очерктерде авторлардың өз кейіпкерлерінің адамгершілік қасиеттерін суреттеуге баса көңіл бөлгенін көреміз. Мұның өзі бұл шығармалардың сын жанрына жататын шығармашылық портрет емес, публицистикалық жанр қасиеттерін бойына дарытқан портреттік очерктер екендігіне дәлел бола алады. Әдетте очерктің тілі образды, өткір келеді. Онда бүкіл сөздік қор байлығы, оның барлық мәнерлі тіл құралы – эпитеттер мен метафоралар, өткір теңеулер мен халық мәтелдері, кейіпкерлердің ұтымды сөздері кең пайдаланылады. Очерктегі әрбір сөздің мағына жағынан салмағы болады. Очеркті жаргондармен немесе «провинциалдық сөздермен», ойға түскенде жаза салған, шала өңделген мәнсіз сөздермен, кеңсенің теріс құрылған сөйлемдерімен шұбарламау керек. Осындай тілі образды, көркемдегіш құралдарды молынан пайдаланатын, әр сөзінің мағынасы тереңде жататын, бөтен сөзбен былғанбаған, яғни көркем шығарма дәрежесіне жеткен очерктерді көптеп кездестірудің сәті түсе қоймағанын айтқымыз келеді. Жоғарыда аталған очерктер кейіпкерлерін даралап көрсетуді ғана мақсат еткендігімен ерекшеленеді. Көбісі баяндау әдісімен жазылған, сюжетсіз болып келеді.

«Қазақ әдебиеті» газетіндегі мына бір очеркке кеңінен тоқталу арқылы өз пікірімізді бір түйіндеп алсақ дейміз. Аталмыш газетте танымал ақын Тұманбай Молдағалиев өзінің әріптесі, тағы бір танымал ақын Кәкімбек Салықовтың 70 жылдығына орай «Ғашық жүрек» [17] деген очерк жариялапты. Туындыны оқи отырып, шабыт буған кездегі ақынның шалқуын танимыз. Өзі «өлеңсіз өмір сүре алмайтын жігіт» деп білетін Кәкімбек Салықов туралы Тұманбай былайша ой толғайды: «Ол өмір бойы өртеніп келеді, жанып келеді. Тынымсыз шапса тұлпар да шаршайды, тынымсыз ұша берсе сұңқардың да қанаты талады. Кәкімбек ақындығының тынымсыздығын ілгері ұмтылған, тоқтаусыз ағатын мөлдір өзенге теңесем қалай болар екен?

Кәкімбек өзенінің суы мөлдір, таза. Оны ішкен адамның бойына нұр, қуат, қуаныш ұялайды. Егделер ішсе, кешегісін еске алып елтиді. Жастар ішсе, ол өзеннің суынан ажарлана түседі, сұлулана түседі. Ер адам ішсе ол судан ертеңін де, бүгінін де, кешегісін де ойлап, рахат бір күй кешеді»,- деп, оқырманын ақынның жұмбақ әлеміне бастап барады да, оның кәусар жырына ынтықтырып қояды. Сонан соң ақынның өзі жеке бір өмір, жеке бір әлем екенін паш ету үшін, оның түнде жұлдыздармен, аймен, күндіз алыс көкжиекпен, таулардың қарлы шыңдарымен сыр бөлісетінін айта келіп, «Кәкімбек көп жазды, көсіліп жазды, шешіліп жазды. Онда шешен тіл, көсем діл бар. Ол бүкіл Қазақстанды ақындық жүрекпен құшақтап тұрған жігіт» [17], - деп ой түйеді. Осы бір келтірілген үзінділерден ақынды ақындық көзбен танудың не екенін түйсінгендейміз. Ақын жүрегі – ғашық жүрек. Ол айналасындағының бәріне, түптеп келгенде өмірге ғашық. Бұл арада очеркші айтып отырған Кәкімбектің ғана емес, ақын біткеннің жүрегін ғашық жүрек деп ұққан жөн болар.

Сонымен, мерейтойлық портреттік очерктер туралы ой түйіндер сәт те келген сияқты. Мерейтойлық очерктер кілең марапаттан тұрады. Жайшылықта айтыла бермейтін өмірбаяндық мағлұматтар көп ұшырасады. Біз іріктеп алып көрсеткен очерктер тек портреттік сипатта болғандықтан, онда кейіпкерлердің азаматтық кескінін жасау бірінші орынға қойылған. Мерейтойлық очерктер кейіпкерлерінің барлығы дерлік ақын-жазушылар болғандықтан, атүсті болса да олардың шығармашылық қырларынан да хабардар ету кездеседі. Бірақ шығармаларын кеңінен талдап, саралау жоқ. Қаламгер шығармашылығына арнайы тоқталып, талдау берген мерейтойлық шығармашылық портреттер бұл басылымда біршама орын алған.

Есенгелді Сүйіновтың «Шаханов шыңы» [18], деген очеркінде кейіпкердің даралық қасиетін ашуға ұмтылыс байқалады. «Шахановпен бірге қазақта жаңа поэзия – рух поэзиясы пайда болды,- дейді автор,- Ол – елдің ерлік, өрлік рухы. Шаханов өз поэзиясымен халқымызды бостандық күресінің шырқау биігіне даярлады» [18]. Осы пікірмен жұрттың барлығы да санасады ғой деп ойлаймыз. Ақынның бір ғана «12-3=?» деген өлеңінен түйген ойлары арқылы автор өз мақаласында Мұхтар Шахановтың өршіл бейнесін сомдай алған. «Оның поэзиясы ойдың, ақылдың поэзиясы... Орыстың әдеби сыншысы В.Г.Белинский айтқандай, «адамды ой билегенде тілі де орамды болады, ал адам ойды билесе, айтар сөзі одан да айқындала түседі». «Шаханов сондай ақын, ойды билеген шайыр» [18],- дейді автор. Оқырманы да осы ойға тоқтаса керек.

Жұртқа кеңінен танымал тұлғаның сол жұрт түгел біле бермейтін қырларын ашып көрсету үшін де очеркші өз объектісін алдымен толықтай зерттеп алуы керек болады. Әйтпесе, өзі толық білмейтін нәрсе туралы басқаны тамсандыратындай дүние жазу қиын. Бұл орайда очерктің композициясы тақырыптың қаншалықты жетік зерттелуіне байланысты болатынын естен шығармау керек. Демек, жоғарыда аталған очерктердің оқырманның ой елегіне жете алуы авторларының, очерк жазудың басты шарттарын орындай алғандығын көрсетеді. Бұл очерктерден авторларының кейіпкерлеріне деген соншалықты ыстық ықыласы аңғарылып тұрады. Жоғарыда айтылғандай іс-әрекет үстіндегі кейіпкерді кездестіру қиын. Әрине, мүлдем жоқ деуге болмайды. Бірақ өте сирек ұшырасатынын жасыруға болмас. Қазіргі очерктердің кейіпкерлері авторлық баяндаулар арқылы ғана бой көрсетеді. Онда да оқта-текте бір айтып қалған сөздері арқылы.



Портреттік очерктің оқиғалы бола бермейтінін білеміз. Дегенмен очерк кейіпкерінің бейнесін сомдау үшін эпизодтардың болуы заңдылық сияқты. Жазушы Мереке Құлкенов өзінің «Ұлттың бақыты немесе мен білетін Шерағаң» деген очеркінде осы тәсілді шебер ұқсата білген. Автор кейіпкерінің өткеніне үңіле отырып, оның қиын-қыстау жолдардан қалай сүрінбей өткенін, жолай ұшырасқан кедергілерді қалай ысырып тастап отырғанын қызғылықты әңгімелейді. Естелік түрінде баяндалған сол бір көмескі эпизодтардың өзінен Шерхан Мұртаза бейнесі мен мұндалап тұрады. Эпизодтарды «көмескі» дейтін себебіміз: айтылатын оқиғалардың өткен орны мен уақыты айқын емес. Келтірілген деректері де дәйексіз. Сөйткенмен авторға иланғандайсыз. Сөзіміз жалаң болмас үшін очерктен үзінді келтірейік. «Бас редактор коммунистік партияның мүшесі әрі жауапты адам ретінде қарарлар мен қаулыларды бұлжытпай орындауға міндетті. Алайда, бас редактор ұлттық мәселелерді шамадан тыс көтеріп, айтуға болмайтын құпия тақырыптарды қозғай беретіндігі үшін Орталық комитетке күнде шақырылады. Компартия қадір тұтатын белгілі жазушымыз, жаңа шығармасын аямай сынағаны үшін күнде болмағанымен, күнара таяқ жеп жатады. Ақ үйден жүзі қабарып, көздері шатынап, жаралы жолбарыстай шамырқанып келген Шерағаң қарауындағы сайыпқырандарына шаң жуытпайтын. Таяқ біткеннің бәріне өзі жон арқасын төсейтін. Жазған мақалаларымен жоғары жақты шошытып жүрген жорналшы бауырларына әкелік мейіріммен қарайтын» немесе «қазақ әдебиетінде талант қандай көп болса, жазғанын өзге түгілі өзі оқи алмайтын талантсыз халтурщиктер де мол болатын. Әдетте халтурщиктер топырлатып көп жазады. Шалапісті өлеңсымақ, әңгімесымақтарын «Қазақ әдебиетіне» әкеледі, бірақ өткізе алмайды. Несін айтасыз, ол кезде басқасын айтпағанда талғам бар еді ғой. Талантқа қашанда құшағы ашық, мейірім мол Шерағаң халтураға келгенде мызғымас қара тас, маңайлатпайды. Ол аз десеңіз, талантсыз дүниелерді газет бетінде нөмір сайын аямай сынап, енді ес жиғызбастай түйреп жатады. «Шерхан менің досым, бірге оқыған курстасым немесе жерлесім, туысым» деп жүрген халтурщиктер соңыра бітіспес жау болып шығады. Халтурщиктер шығармасы нашар болғанымен, өздері өлермен. Бас редактордың үстінен боратып арыз жазады, жиналыстарда жала жауып, намысына тиіп, көпіріп сөйлейді... Айтып-айтпай не керек, ол кездерде Шерағаңдар әдебиеттегі дүмбілез жазушысымақтарға алынбас қамал, мейірімсіз жау болатын. Соның арқасында қазақ әдебиетінде талантты дүниелерге даңғыл жол ашылды» [19]. Осы екі үзіндіден-ақ жоғарыда айтылған пікіріміздің негізсіз емес екеніне көз жеткізуге болар. Жалаң қызыл сөз болғанымен де бұлар Шерағаңның тұлғасын көмескілендірмейді. Өйткені жазушы тұлғасы өз шығармалары арқылы-ақ оқырман жүрегінде сомдалып қойған. М.Құлкеновтің бұл тұрғыда мына пікірінің жаны бар. «Жазушының кейіпкерлері - өзі деген бұрыннан белгілі қағида бекер айтылмаған. Бәрін талдап, таразылап жатпай-ақ, Тұрар Рысқұлов пен Айша бейнесін алайықшы. Көзі ашық, көкірегі ояу қазаққа белгілі алаштың біртуар азаматы, қайраткер, көсем Тұрардың «Қызыл жебе» романындағы көркем бейнесі оқырманын неге бірден баурап алады. Оның жан-дүниесіндегі алай-дүлей сезімдері, туған халқы үшін басын беретін жанкештілігі, ұлы мақсаттар жолындағы қайсарлығы мен ұлт болашағына деген қаһармандығы, қаламгер һәм қайраткер Шерханның біз білетін бар болмысымен астасып, біте қайнасып жатқан жоқ па? Мен қайраткер Шерханның тәуелсіздік алғаннан кейінгі елдің тағдыры, жарқын болашағына байланысты алқалы жиындарда естіліп жататын бірде байсалды, бірде тым қатқыл, бірде шектен тыс өктем даусын естігенде, көз алдыма «Қызыл Жебедегі» Тұрар бейнесі елестейді. Демек, суреткер Шерхан мен қайраткер Шерханның арасында бәлендей айырма жоқ. Екеуі де елі үшін, кең байтақ жері үшін «ақырып теңдік сұрайды». Сол ұлы жолда құрбан болуға бар.

Суреткер мен кейіпкер – тұтас ұғым. Хас шебердің қаламынан ғана әдебиетте өмірдің өзіндей керемет кейіпкерлер сомдалады. Шерханның қасиетті қаламымен сомдалған Тұрар мен Айша да ешқашан ұмытылмайтын мәңгілік бейнелер» деуі арқылы да автор өзі сомдаған Шерхан образын толықтыра түскен. Бұл үзінді әдеби сын жанрында жазылған дүниелерге көбірек ұқсағанымен, очерк кейіпкерінің болмыс-бітімін айшықтай түсетін штрихтар есебінде шығармаға еш нұқсан келтіріп тұрған жоқ. Очеркке тақырып болып тұрған «Ұлттың бақытына» келер болсақ, М.Құлкенов оны туындысының түйініне айналдырыпты. «Кейде мен ойлаймын,- деп толғанады автор,- Кеңес үкіметінің тұсында, коммунистік партияның уысында отырған азғантай қазақ осы Шерхандар болмаса, қайтер еді деп. Әрине, Шерағаң жалғыз емес, Шерағаңдай тұтас тұлғалар көп те емес.

Қазақтың рухани әлемінде Шерхандай ақсақалдың болуы ұлттың бақыты. Соны әрбір қазақтың баласы сезініп, мақтанып жүрсе – елдің мерейі» [19],- дейді. Дұрыс айтылған сөз. Жалпы очеркте суреттелетін оқиға жоқ, тек авторлық баяндау болғанымен, кейіпкерінің тағылымды тағдырынан өнеге аларлық тұстар дұрыс екшеліп берілген.

Өзіміз талдағалы отырған келесі бір очерк өзінің жазылу жағынан өзгелерге ұқсай қоймайды. Олай дейтініміз, шығарманы оқи бастағанда автордың кейіпкерін жақтырыңқырамайтыны аңғарылғандай болады. Оқып көрелік. «Біздің бала кезімізде, сонау соғыстан кейінгі жылдарда, «Басқарманың баласы» деген бір сиқырлы сөз болатын. Басқарманың баласы жақсы киінеді, жақсы ат мінеді, қыста атшанамен жүреді. Басқарманың баласы – жақсы оқиды. Ол – оқитын класында, тіпті мектепте де өзінше бір тұлға. Оның ондай-мұндай шәлкем-шалыс істері де кешірімді» [20],- деп басталады очерк. Ойлап қарасаңыз, басқарманың баласын көре алмаушылық, оның табыстарына қызғаныш иісі аңқып тұрады. «Көрші Амангелді аудандық комсомол комитетіне бірінші хатшылыққа Жұмағали Өмірбеков деген сайланыпты, өзінің әкесі де, шешесі де колхоз басқармасы болған кісілер екен»,- деп естігенде, басқарманың балаларының талайын көргенмін, ал мынадай екі бірдей басқарманың айталағын кім білген. Көрерміз-ау, әлі талай қызығын деп түйгенмін»,- деп алады да, автор өзінің онымен қалай кездескенін, алғашқы кездесуден-ақ алған әсерін суреттеп кетеді. Алғашқы әсер оқырман күткендегідей. Қарадан-қарап, танып-білмейтін, көрмеген адамын басқарманың баласы болғандығы үшін ғана «айталақ» деп отырған адам, бірден қалай іштарта қойсын. Бұлар кездескен облыстық комсомол комитетінің бюросында әлгі Жұмағалиды сынап сөйлегендерге қыбы қанғандай сыңай танытады. Тағы да авторға жүгініп көрейік. «Бұрын сын көрмеген адам белгілі ғой, дызылдаңқырап отыр. ...Бір кезде, тіпті шыдамай кеткен болу керек, анау сөйлеп тұрған жігіттің атын атап, «бәлем, тағы бір келерсің, гостиницада борщпен қатырмасам ба!» деп салсын.

«Басқарманың баласы болмай кеткір, бүлдірдің-ау» деп отырмын іштей»,- деп жазады. Оқырман әрі қарай не болар екен деп ынтыға оқиды. Оқи келе, автордың баяндауындағы басқарманың баласының намысшылдығын, бірбеткейлігін, жайдары-жайсаң мінезін бірте-бірте тани бастайды. «Басқарманың баласынан да дұрыс кісі шығады екен-ау» дейтінбіз. «Нашарлар – ол бір басқарманың ғана балалары ғой, біздің Жүкең екі бірдей басқарманың баласы болған соң қалай жақсы болмасын» деп қағытамыз, қалай десең де сыйғандай» деуінің өзі автордың кейіпкеріне сүйіспеншілігінің қаншалықты екенін білдіріп қояды. Очерктің ортасында-ақ, осылай бір ой түйген Сабыржан Шүкірұлы сол кездегі әріптесінің қадір-қасиетін, өткен өмір белестерін одан әрі тарқата баяндап береді. Иланасыз. «Қазір ол – Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі» тарихи мұражайының директоры. Бұл - Өзекеңнен қалған үлкен бір мұралардың бірі, өңірдің үлкен рухани бір орталығы есепті қастерлі орын Жұмағалидай бапты қолдың арқасында күйзеліс көрмей келеді, ел тарихын шежірелей түсуде» деп жазған автор очерктің осы үзіндісінде аты аталатын Өзекең (Өзбекәлі Жәнібеков) туралы, Жұмағалидың оның шәкірті деуінде не себеп барын айтпастан, шығармасына тақырып етіп алуы көңілге онша қоныңқырамайды. «Аса бір билік-жарлығы болмаса да, өрелі өнерімен, кісілігімен, қоғамшылдығымен сол тұрған жерінің киесіндей, елдің иесіндей бір азаматтар болады. Көпке жағымды, біртоға қалпын бұзбайтын, елдік іске белсене кірісіп, төңірегіне өнер шашып отыратын мұндай кісілер сол өңірдің шын мәнісіндегі құты, қуаныш-қызық шақырар берекесі іспетті. Ондай жандарды сырттан келгендер іздеп барып дидарласып, сұхбат құрып, рухани түлеп, жан дүниесі бір жаңарып қалады. Іссапарда өнер адамдарының көбіне қасаң билікті іздемей, осындай жайдары жандарды іздейтіндері де осыдан болса керек.

«Сүлеймен басқарманың баласы Жұмағали да сондай Тәңірі бай жан-дүние, он сан өнер сыйлаған абзал азамат. Ол – Торғай даласы тарихының бір парағын да жыртқызбай, намыс туын жықтырмай келе жатқан, ел деп жүрген ерлердің бірі. Ел елейді ғой, осындай азаматтар еңбегі ресми орындар тарапынан да ескерілсе десейші» [20],- деп аяқтапты автор. Несі бар, орынды тілек дер едік. Дегенмен, шығарманың тақырыбы «Өз-ағаңның шәкірті» емес, «Басқарманың баласы» дегенге сұранып тұрғандай бола береді. Тақырып демекші, тақырыпты дұрыс таңдап қоя білу маңызды. Тақырып қандай да болмасын материалдың негізгі ойын дәл білдіру үшін ол нақты болуы шарт. Жоғарыдағы очеркті «Өз-ағаңның шәкірті» дегеннен гөрі «Басқарманың баласы» деген тартымды болар еді деуіміз де содан.



Қорыта келгенде, «Қазақ әдебиеті» басылымында портреттік очерктердің көп басылатыны, екіншіден, олардың кейіпкерлері не ақын, не жазушы, не ғалым болып келетіндігі, үшіншіден ол очерктер әлгі кейіпкерлердің мерейтойларына орайластырылып жазылатыны, төртіншіден «очерк» деп айдар тағылмайтыны да бар екені дәйектелді. Осы арада бір айта кететін нәрсе, осы басылымда жарияланған шығармашылық портреттер жеткілікті. Өзіміз қарастырған портреттік очерктердің авторлар құрамына келер болсақ, олар да негізінен танымал ақын, жазушылар болып келеді. Журналистер қатары да біршама. Қысқасы, кейіпкерлерін жетік білетін, олардың барлық қырларын тыңғылықты зерттеген қалам иелері екендігіне дау жоқ.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Богданов Н., Вяземский Б. Журналист анықтамалығы. Алматы: Мектеп, 1978.

  2. Ысқақұлы Д. Сын жанрлары. Алматы: Санат, 1999.

  3. Елеукенов Ш. Жазушының жалындаған шырағы // Ана тілі, 2003, 6 қараша, №44.

  4. Егеубай А. Мұзағаңды танымайтын қазақ жоқ // Ана тілі, 2003, 23 қазан, №42.

  5. Шүкірұлы С. Ақтангер ақын // Ана тілі, 2003, 2 қазан, №39.

  6. Оразалин Н. Тұлға биігі // Қазақ әдебиеті, 2003, 17 қазан, №41.

  7. Оразалин Н. Ой мен жырдың аламаны // Қазақ әдебиеті, 2003, 24 қазан, №42.

  8. Қабышұлы Ғ. Қарапайым бір қазақ // Қазақ әдебиеті, 2004, 23 қаңтар, №3.

  9. Бердібаев Р. Ғұлама ойлы қайраткер // Қазақ әдебиеті, 2004, 15 қазан, №41.

  10. Отарбаев Р. Әдебиетіміздің ноқта ағасы //Қазақ әдебиеті,29 қазан, №43-44.

  11. Әсіпұлы С. Журналист жолы // Қазақ әдебиеті, 2004, 26 қараша, №48.

  12. Құндақбаев Б. Құдіретті топтың соңғы өкілі // Қазақ әдебиеті, 2004, 31 желтоқсан, №52.

  13. Асқар О. Қаңтарда туған қыран // Қазақ әдебиеті, 2005, 7 қаңтар, №1.

  14. Мұратбеков С. Қуатты дарын // Қазақ әдебиеті, 2005, 25 наурыз, №12.

  15. Оспан С. Ауыл өмірінің жаршысы // Қазақ әдебиеті, 2005, 29 сәуір, №17.

  16. Қалиұлы С. Жазушы да – бір бал арасы // Қазақ әдебиеті, 2005, 12 тамыз, №32.

  17. Молдағалиев Т. Ғашық жүрек // Қазақ әдебиеті, 2002, 25 қаңтар, №4.

  18. Сүйінов Е. Шаханов шыңы // Ана тілі, 2003, 11 желтоқсан, №49-50.

  19. Құлкенов М. Ұлттың бақыты // Ана тілі, 2002, 17 қазан, №43.

  20. Шүкірұлы С. Өз-ағаңның шәкірті // Ана тілі, 2002, 17 қаңтар, №3.







Достарыңызбен бөлісу:

administrativnie-i-ekonomicheskie-reformi-petra-i-2.html
administrativnie-pravonarusheniya-v-oblasti-ohrani-gosudarstvennoj-granici.html
administrativnie-pravootnosheniya-chast-3.html
administrativnie-reglamenti-i-standarti-gosudarstvennih-uslug-stranica-2.html
administrativnie-reglamenti-i-standarti-gosudarstvennih-uslug-stranica-7.html
administrativnie-sankcii-konspekt-lekcij-po-discipline-sistema-nalogooblozheniya-tema-sushnost-i-istoricheskoe.html
  • universitet.bystrickaya.ru/svedeniya-o-territorii-vseleniya-minusinskij-rajon-programma-krasnoyarskogo-kraya-po-okazaniyu-sodejstviya-dobrovolnomu.html
  • klass.bystrickaya.ru/analiz-kadrovoj-politiki-godovoj-otchet-po-itogam-raboti-za-2010-god-utverzhden.html
  • writing.bystrickaya.ru/1-celi-osvoeniya-disciplini-annotaciya-k-rabochej-programme-disciplini.html
  • urok.bystrickaya.ru/predstavlen-paket-zakonoproektov-o-pensiyah-sudej-otchet-soyuz-potrebitelej-finansovih-uslug-finpotrebsoyuz.html
  • vospitanie.bystrickaya.ru/zhizn-gumileva.html
  • testyi.bystrickaya.ru/analiz-problem-zhilishnogo-stroitelstva-na-primere-usst-8-g-izhevska-chast-13.html
  • uchebnik.bystrickaya.ru/voennoe-delo-sluzhba-chs-nauchno-tehnicheskaya-biblioteka-vogtu.html
  • urok.bystrickaya.ru/pravila-i-normi-tehnicheskoj-ekspluatacii-zhilishnogo-fonda-i-osnovnie-polozheniya-stranica-15.html
  • crib.bystrickaya.ru/ispolzuyutsya-takzhe-drugie-koefficienti-organizaciya-raboti-torgovo-promishlennih-palat-po-privlecheniyu-investicij.html
  • holiday.bystrickaya.ru/obshaya-energetika-otche-t-o-deyatelnosti-rossijskoj-akademii-nauk-v-2003-godu.html
  • knowledge.bystrickaya.ru/na-reke-stepnoj-zaj-v-tatarstane-proshli-ucheniya-otryada-federalnoj-protivopozharnoj-sluzhbi-informacionnoe-agentstvo-tatar-inform-24112011.html
  • klass.bystrickaya.ru/8575-kombinezoni-rabochie-i-specialnogo-naznacheniya-informaciya-o-produkcii-podlezhashej-obyazatelnomu.html
  • tests.bystrickaya.ru/kontrolnie-voprosi-uchebnoe-posobie-samara-2008-bbk-32-973-26-018-2-udk.html
  • holiday.bystrickaya.ru/migel-anhel-asturias.html
  • pisat.bystrickaya.ru/sto-pudov-5-ot-160705-g-obyavleniya-stranica-16.html
  • urok.bystrickaya.ru/primernaya-programma-disciplini-istoriya-medicini-dlya-studentov-obuchayushihsya-po-specialnosti-stomatologiya.html
  • essay.bystrickaya.ru/benzojnij-aldegid-metodika-i-tehnika-posobie-dlya-uchitelej-izdanie-pyatoe-pererabotannoe-i-dopolnennoe-pod-obshej.html
  • occupation.bystrickaya.ru/na-etoj-nedele-iz-sankt-peterburga-vozvratilsya-svodnij-otryad-mvd-po-rt-pomogavshij-obespechivat-obshestvennij-poryadok-vo-vremya-provedeniya-xiii-mezhdunarodnogo-ek.html
  • notebook.bystrickaya.ru/kniga-1-sistema-polevoj-samoregulyacii.html
  • school.bystrickaya.ru/denezhnoe-obrashenie-i-denezhnaya-sistema-2.html
  • znaniya.bystrickaya.ru/raspisanie-trenirovochnogo-testirovaniya.html
  • learn.bystrickaya.ru/glava-iii-funkcionalnie-stili-anglijskogo-yazika-osobennosti-hudozhestvennogo-i-publicisticheskogo-stilej.html
  • pisat.bystrickaya.ru/tihoplav-v-yu-tihoplav-t-s-zhizn-naprokat.html
  • lektsiya.bystrickaya.ru/prikaz-ot-20-g-rabochaya-programma-pedagoga-rzhevskogo-vladimira-ivanovicha.html
  • bukva.bystrickaya.ru/proisshestvie-opisannoe-v-sej-povesti-osnovano-na-istine-podrobnosti-navodneniya-zaimstvovani-iz-togdashnih-zhurnalov-lyubopitnie-mogut-spravitsya-s-izvestiem-s.html
  • tasks.bystrickaya.ru/20-aprelya-2012-goda-avetyan-natalya-yurevna.html
  • control.bystrickaya.ru/doklad-nachalnika-otdela-gpn-po-mo-g-nadim-i-nadimskij-rajon-upravleniya-gpn-gu-mchs-rossii-po-yamalo-neneckomu-avtonomnomu-okrugu.html
  • uchit.bystrickaya.ru/tehnicheskoe-zadanie-na-sostavnuyu-chast-opitno-konstruktorskoj-raboti-sozdanie-avtomatizirovannogo-izmeritelno-modeliruyushego-kompleksa-dlya-ispitanij-ms-dzz-soyuz-sat-o-stranica-2.html
  • knigi.bystrickaya.ru/s-federalnoj-podderzhkoj-rossijskij-sport-v-inostrannih-smi-po-materialam-sajtov-inosmi-ru-inopressa-ru-6.html
  • school.bystrickaya.ru/formirovanie-muzikalnoj-kulturi-shkolnikov-posredstvom-informacionno-prosvetitelskoj-deyateln.html
  • apprentice.bystrickaya.ru/vihod-iz-grazhdanstva-chast-2.html
  • textbook.bystrickaya.ru/gosudarstvennoe-regulirovanie-v-rinochnoj-ekonomike.html
  • klass.bystrickaya.ru/amerika-sleva-i-sprava-ili-ot-okeana-do-okeana-na-borzoj.html
  • tetrad.bystrickaya.ru/vi-podgotovka-k-vedeniyu-i-vedenie-grazhdanskoj-oboroni-poryadok-podgotovki-k-vedeniyu-i-vedeniya-grazhdanskoj-oboroni.html
  • tasks.bystrickaya.ru/11lokalnie-akti-ou-praktikum-po-ekspertize.html
  • © bystrickaya.ru
    Мобильный рефератник - для мобильных людей.